Тамыз айында Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй бағасы орта есеппен бір айда 4,2%-ға өсті. Әсіресе, Қостанай, Петропавл және Түркістан қалаларында бағаның айтарлықтай өскені байқалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, тамызда республика бойынша жалдамалы тұрғын үй шілдеге қарағанда 4,2%-ға қымбаттаған. Жылдық көрсеткіште өсім 17%-ды құрады. Дәстүрлі түрде тамыз-қыркүйек айларында жалдау нарығында бағаның көтерілуі байқалады, бұл оқу жылының басталуымен және студенттердің ірі қалаларға келуімен байланысты.
Жалдау бағасының айлық өсімі ең жоғары Қостанайда тіркелді — бірден 5,9%-ға. Петропавлда баға 5,5%-ға, ал Түркістанда 5,3%-ға өсті. Алматыда жалдау ақысы 4,4%-ға, Астанада 4,9%-ға, Шымкентте 5%-ға қымбаттады. Ең аз өсім Оралда байқалды — небәрі 0,8%.
Жылдық есептеу бойынша, бағаның өсуі бойынша көшбасшы Павлодар болды, онда жалдау ақысы 42,5%-ға өскен. Екінші орында Петропавл — 39,1%, үшінші орында Алматы — 18,1%. Астанада жылдық өсім 17,5%-ды, Шымкентте 15,8%-ды құрады. Ең төмен жылдық өсім Оралда — 3,8%.
Қазіргі уақытта ең жоғары жалдау бағасы Алматыда — шаршы метріне орта есеппен 6 224 теңге. Астанада — 6 079 теңге, Қарағандыда — 5 219 теңге. Ең арзан тұрғын үйді Таразда жалдауға болады — шаршы метріне 2 558 теңге.
Сарапшылар бағаның өсу қарқынының жеделдеуін оқу жылының басталуымен байланыстырады, бұл кезде ірі қалаларға мыңдаған студенттер келеді. Бұған дейін жалдау бағасы жаз ортасында-ақ қымбаттай бастағаны, қазір өсу қарқыны артып келе жатқаны хабарланған болатын.


