Алматыда балалардағы терең күйіктерді емдеуге және ауыр жарақаттардан кейін қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге арналған халықаралық шеберлік сабағы өтіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс-шара Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының базасында ұйымдастырылды. Түрік мамандары тері пластикасына арналған заманауи құрылғыларды ала келіп, оларды Алматы орталығына табыстады.

Бір апта бойы Қазақстан мен Түркияның дәрігерлері бірлескен операциялар жасап, пациенттерге кеңес беріп, күрделі клиникалық жағдайларды талдауда.

Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының күйік бөлімшесінің меңгерушісі Раджа Жумадильдаевтің айтуынша, жыл сайын клиникаға күйікпен шамамен 2 мың бала жүгінеді, оның мыңнан астамы ауруханаға жатқызуды қажет етеді.

Анкарадағы балалар хирургиясы клиникасы мен күйік орталығының жетекшісі Эмрах Шенел шеберлік сабағы аясында күйіктен кейін тыртық өзгерістеріне байланысты аяғын қалыпты қозғалта алмаған балаға операция жасалғанын айтты. «Біз аяқтың қозғалғыштығын қалпына келтірдік. Қазақстандық әріптестер мұндай операцияларды жақсы меңгерген. Бір жағын жергілікті хирургтер, ал екінші жағын біз бірлесіп жасадық», — деп атап өтті ол.

Бұған дейін қазақстандық дәрігерлер газ баллоны жарылғаннан кейін денесінің 89 пайызы күйген жігітті аман алып қалған еді, ал одан бұрын Алматыда күйіктен ауыр жарақат алған жеті балаға пластикалық операция жасалған болатын.