Түркістанда тұрғын үйдің балконында өрт шығып, өрт сөндірушілер жалынның пәтерге таралуына жол бермей, оны сөндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ-тің Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Самал шағын ауданындағы пәтердің балконында тұрмыстық заттар өртенген.
«Түркістан облысы ТЖД-нің 112 пультіне Түркістан қаласының Самал шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтердің балконында тұрмыстық заттардың өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жөнелтілді. Келген соң өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, өрт ошағын анықтап, сөндіруге кірісті. Құтқарушылардың жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында өртті сөндіріп, оның тұрғын үй-жайларға таралуына жол берілмеді», — делінген ведомство хабарламасында.
Зардап шеккендер жоқ екені атап өтілді.
«ТЖМ еске салады: өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыздар. Балкондарда өрттің таралуына ықпал етуі мүмкін тез тұтанатын материалдар мен жанғыш заттарды сақтамаңыздар», — деп ескертеді ведомство.
Бұған дейін Өскеменде түтіні толы пәтерден сегіз бала құтқарылғаны хабарланған болатын.


