Түркістанда көпқабатты үй тұрғындары бес жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселеге тап болды: лифт үнемі істен шығады, ал подъезде бір жылдан бері су ағып жатыр. Адамдар барлық инстанцияға ондаған өтініш жазған, бірақ жағдай өзгермей отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әсіресе туа церебралды сал ауруымен ауыратын, тоғызыншы қабатта тұратын Асылзада Пакисбаеваға қиын. «Осылай азап шегіп жүрмін, тоғызыншы қабатта тұрамын. Бір жерге бару керек болса, лифт істемейді — жаяу жүруге тура келеді. Орта есеппен бір бағытқа екі жарым сағат кетеді. Не істеу керек? Амал жоқ. Жолда демалып аламын. Кейде құлап та қаламын», — деді әйел.

32 жастағы Асылзада Пакисбаева он жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрып, екі жыл бұрын пәтер алды. Алайда қазір тоғызыншы қабаттан төмен түсіп, қайта көтерілу үшін оған жарты күн кетеді.

Тұрғындардың айтуынша, үйдегі лифт үнемі бұзылады, оны жөндейді, бірақ жөндеу бірнеше күнге ғана жетеді. Соның салдарынан адамдар не үйде қалуға, не баспалдақпен жүруге мәжбүр. Бірақ бұл нұсқа да кедергілерге толы — подъезде бір жылдан бері шығу тегі белгісіз су ағып жатыр.

«Жаңбырдан кейін су ақса бір сәрі, бірақ жаңбыр жоқ қой. Бұл су қайдан ағып жатыр? Келіп, тексереді. Сөйлесіп, кетіп қалады. Сыпырушылар суды дұрыс пайдаланбайды, тағы сол сияқты деп айтады», — деді жергілікті тұрғын Рамазан Дарханбай.

Қала тұрғындары әкімдікке шағымданғанын айтады. Олардың сөзінше, ағып жатқан су іргетастың шөгуіне әкелуі мүмкін.

«Мен әкімдікке үш рет барып, олармен сөйлестім. Түзетуге уәде береді. Бірақ ештеңе өзгермейді. Уәделерге енді сенбеймін. Бізді үнемі алдап келеді», — деді Бекжан Османов.

Жергілікті шенеуніктер проблемалы үйлердің тұрғындарымен кездесіп, әңгімелесті және жағдайды бақылауға алуға уәде берді.

«Подъездегі су — шатырдың желдеткіш арқылы ағуы. Біз шатырға ақаулық актісін жасадық. Барлығы жойылады. Егер пәтерлерде зақым немесе материалдық шығын болса, оны жақын арада анықтаймыз», — деді Түркістан әкімдігі құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Мәуленов.

Ал лифт мәселесін әкімдіктегілер шешуді жоспарламай отыр. Олардың айтуынша, бұл — пәтер иелерінің мүлкі, сондықтан оны адамдар өздері жөндеуге тиіс.