Түркістан облысының прокуратурасы бірден үш ірі қылмыстық схеманы анықтады. Ведомствоның мәліметінше, жалған кәсіпорындар арқылы шетелге шамамен 200 млрд теңге шығарылған. Сонымен қатар, шекарада жүк көлік жүргізушілерінен ақша бопсалап, лауазымды тұлғаларға пара берген топ әрекет еткен. Қырғызстаннан Қазақстанға темекі заңсыз әкелінген — деп хабарлайды infohub.kz.

Ең ірі схема ақшаны заңсыз аударуға байланысты. Экономикалық тергеу департаменті прокуратураның үйлестіруімен жалған компаниялар арқылы 200 млрд теңгедей соманың жақын және алыс шет елдерге аударылғанын анықтады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 235-1-бабы бойынша жүргізілуде.

Бір мезгілде құқық қорғау органдары шекара маңындағы қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Бопсалаушылар жүк көліктерінің жүргізушілерін тонап, заңсыз делдалдықтан түскен ақшаның бір бөлігін лауазымды тұлғаларға пара ретінде берген. Тергеу схемаға қатысы бар 23 адамды анықтады, оның бесеуі қамауға алынды.

Үшінші схема темекі контрабандасына қатысты. Темекі Қырғызстаннан заңсыз әкелініп, Түркістан облысы мен Қазақстанның батыс аймақтарында сатылған. Құқық қорғаушылар 103 млн теңге тұратын темекі өнімдерін тәркіледі.

Бұған дейін Қазақстандағы контрабанда сыни деңгейге жеткені хабарланған болатын. Алматы барахолкасының көлеңкелі айналымы, нарық қатысушыларының бағалауынша, жылына шамамен үш миллиард долларды құрайды. Халықаралық TRACIT ұйымының болжамынша, заңсыз темекінің үлесі 10%-ға жетуі мүмкін. Сондай-ақ, төленбеген акциздер мен салықтар салдарынан бюджет жыл сайын ондаған миллиард теңге жоғалтады.