Әлеуметтік желідегі тікелей эфир 25 жастағы Түркістан облысының тұрғыны үшін сот талқылауы мен айыппұлға ұласты: ол TikTok-тағы трансляция барысында бейтаныс адамды қорлап, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиіскен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Polisia.kz Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға Түркістан облысы Ордабасы ауданының 25 жастағы тұрғынының қатысуымен болған.
«Осы факті бойынша полиция қызметкерлері тиісті шара қолданып, құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Жиналған материалдар сотқа жіберілді», — деді полицияда.
Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылды. Қоғамдық орында былайша айтқанда, әдепсіз сөздер қолданғаны және өзге адамды қорлағаны үшін оған айыппұл тағайындалды.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын этика нормаларын қатаң сақтауға шақырады.
«Экранның арғы жағынан айтылған әрбір сөз үшін де жауап беруге тура келеді. Әлеуметтік желілердегі тікелей эфир кезінде өзге адамдарға айтылған қорлау сөздер заң алдында жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Мұндай құқыққа қайшы әрекеттер полицияның назарынан тыс қалмайды», — деп қосты құқық қорғау органдары.


