Түркістан облысында полицейлер мемлекеттік нөмірі сыйлық таспамен жабылған, ал шанағына стробоскоп орнатылған көлікті тоқтатты. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ-нің Telegram-арнасында жазылғандай, ерекше безендірілген көлікті Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылынан байқаған. Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камераларын тексеру барысында нөмірі сыйлық таспамен жабылған әрі жарық сигнал беретін құрылғымен — стробоскоппен жабдықталған көлікті байқады.

Алынған ақпаратты полицияның учаскелік инспекторларына жеткізіп, олар көрсетілген көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде рөлде Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны болғаны анықталды. Ер адам туысының тойынан қайтып келе жатқанын түсіндірді.

Полицияның мәліметінше, мемлекеттік тіркеу нөмірін жасырғаны және арнайы жарық құрылғысын заңсыз орнатқаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік мамандандырылған тұраққа қойылды.

«Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыру, сондай-ақ көлік құралдарына арнайы жарық құрылғыларын заңсыз орнату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады», — деп қосты полицияда.