Тарбағатай ұлттық паркінде сирек кездесетін Түркістан сілеусіні суатқа келген сәтте фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды Orda.kz.

Ұлттық парктің орманды таулы алқаптары мен жартасты шатқалдары Түркістан сілеусіні үшін қолайлы мекен. Қазақстанда бұл түр өте сирек кездеседі, сондықтан Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауында.

Түркістан сілеусіні — сақ әрі жасырын жануар, ол адам көзіне өте сирек түседі. Сондықтан фототұзақтар арқылы алынған бейнежазба ғылыми тұрғыдан үлкен құндылыққа ие. Ол мамандарға жыртқыштың таралуын, мінез-құлық ерекшеліктерін және санын бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде фототұзақ объективіне Тянь-Шань қоңыр аюы түскен еді.