Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Ол тойда айтқан жанжалды тілегі үшін ұсталған еді, деп хабарлайды infohub.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ер адамға қатысты іс материалдары сотқа жіберілді.
Еске салайық, оқиғаның видеосын әнші Роза Алқожа өзінің Instagram парақшасында жариялаған. Ол той Жетісайда өткенін, тілекті қалыңдықтың туысы айтқанын атап өткен.
Ер адам сөзінде тойда алкогольден бас тартқаннан кейін тағы екі қадам жасау керектігін айтқан. «Біріншіден, музыкадан арылу керек. Екіншіден, ерлер мен әйелдер бөлек отыруы тиіс. Әншілер мені кешірсін. Егер тойды әншілерсіз өткізсе, олар жұлдыз болуды қойып, танымалдығын жоғалтады. Шариғатта оларды «шайтанның жаршысы» деп атайды», — деген қонақ.
Әншінің пікірінше, мұндай сөздер ер адамның деструктивті діни ағымдардың біріне жақындығын көрсетуі мүмкін.
Той қонағының сөзіне Ерлан Қарин және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері жауап берді.
Кейінірек Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынына қатысты діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.


