Түркістан әуежайында әуе кемесімен оқыс жағдай болды: техникалық ақауға байланысты ұшақ әуеге көтеріле алмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Kozachkov offside Telegram-арнасында жазылғандай, алдыңғы күні Түркістан әуежайынан Астанаға Ұлттық ұланның ұшағы ұшуы тиіс еді. Бортта 6 экипаж мүшесі мен 59 әскери қызметші болған.

«Техникалық ақау — қозғалтқыштың біреуі істен шыққан, мүмкін, ұшу кезінде орын алған. Соның салдарынан автоматты тежеу жүйесі іске қосылып, ұшақтың шассиі өртеніп кетті. Өртті әуежайдың өртке қарсы қызметі жедел сөндірді — 13 адам мен 3 техника бірлігі жұмылдырылды. ТЖМ қызметкерлерін ешкім шақырған жоқ», — делінген жазбада.

Сондай-ақ әуе кемесі ұшу-қону жолағында қалып қойғандықтан, бірнеше рейс кешіктірілгені, ал ұшақты техниканың көмегімен алып кетуге тура келгені атап өтілген.

NUR.KZ тілшісі Көліктегі полиция департаментінен түсініктеме сұрады. Ведомствода оқиға 11 қыркүйекте болғанын растады.

«Түркістан әуежайында ұшу жолағында әуе кемелерінің бірінде техникалық ақау туындады. Қазіргі таңда оны жою жұмыстары жүргізілуде», — деді ведомствода.

Зардап шеккендер жоқ.