Оңтүстік Қазақстанның денсаулық сақтау инфрақұрылымы стратегиялық маңызы зор нысанмен толықты: Түркістан облысында өңірдегі алғашқы заманауи вирусологиялық зертхана жұмысын бастады. Өз вирусологиялық базасының арқасында өңір биологиялық үлгілерді жергілікті жерде жылдам әрі дәл талдай алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыс әкімдігінде атап өткендей, өңірдегі алғашқы заманауи вирусологиялық зертхананың ашылуы түркістандық дәрігерлерге биоматериалдарды жақын мегаполистерге жөнелтуге қымбат уақыт жоғалтпай, зерттеуге бірден кірісіп, науқастардың өмірін жедел сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ зертхананың құрылуы өңірдің пандемияға дайындық әлеуетін кеңейтетіні, оның ішінде эпидемиологиялық қадағалау мен зертханалық әлеуетті нығайтуды қамтитыны атап өтілді.
«Бүгінге дейін облыста өз вирусологиялық зертханасы болмаған, биологиялық үлгілер Шымкент пен Алматыға жөнелтілетін. Ал бұл – уақыт», – делінген хабарламада.
Ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пен республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қатысты.
Әкімдікте атап өткендей, облыста бұл зертхананың пайда болуы Пандемия қорының қолдауының арқасында мүмкін болды. Жергілікті атқарушы органдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына, БҰҰ Даму бағдарламасына және Қазақстандағы Пандемия қоры жобасын іске асыруға қолдау көрсеткен барлық серіктестерге алғыс білдірді.
Бұған дейін «Курсив» Алматыда инфекциялық аурухана базасында Қазақстандағы алғашқы смарт-зертхана іске қосылғанын жазған болатын. Жүйенің басты ерекшелігі – штрихкодтар бойынша пробиркаларды өз бетінше бөліп, тасымалдайтын автоматты трек желісі.


