Түркия билігі ең көп қаралатын жаңалық арналарының бірін «жойып жіберді» деп мәлімдеді оның Лондонда тұратын иесі Би-би-сиге берген сұхбатында, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Би-би-сидің «Ньюсхаур» бағдарламасында сөйлеген Джафер Махироғлу Halk TV-ге қатысы бар тоғыз адамның осы аптада ақшаны жылыстату, парақорлық және жалған ақпарат тарату айыптарымен ұсталғанын айтты.
Оның айтуынша, өткен айда оппозицияшыл арна үкімет бақылауына өткен кезде ұсталғандардың қатарында оның бірнеше туысы да болған. Махироғлу өзіне және Halk TV-ге қатысты айыптауларды «түбегейлі дұрыс емес» деп атады.
Ыстанбұл қалалық прокуратурасы арнаның бұрынғы екі жүргізушісінің де соңғы ұсталғандар тобының ішінде болғанын хабарлады. Прокурорлар мәлімдемесінде жүргізушілерді ақшаға «жалған репортаждар» дайындады деп айыптады.
Сонымен қатар билік арнаның «шетелде» жүрген жаңалықтар үйлестірушісі Күршад Оғұзға ұстауға рұқсат қағазын шығарды. Мәлімдемеде оның қайда жүргені нақтыланбаған.
Махироғлу Би-би-сиге Түркияға қайта оралса, түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтты.
«[Үкімет] бүкіл медианы бақылауында ұстағысы келеді... Мен арнамнан гөрі елім мен демократиям үшін алаңдаймын», — деді ол.
Өткен айда түрік билігі Halk TV-нің бас кеңсесіне басып кіріп, арнаның тікелей эфирін тоқтатты. Бұл — Түркия Президенті Тайып Ердоған мен оның әкімшілігін сынайтын деп саналған ақпарат көздеріне жасалған бірқатар қысымның кезектісі еді. Кейін үкімет арнаны басқаруға жаңа әкімші тағайындады.
Ердоған үкіметі ел медиасының көп бөлігін бақылайды, ал баспасөз бостандығы жөнінен Түркия әлемдегі ең нашар елдер қатарында. Алайда үкімет журналистерді кәсіби қызметі үшін ұстамайтынын алға тартады.
Дегенмен президент 2023 жылғы сайлаудағы тар жеңісінен кейін өзге пікірге қарсы қысымды күшейтті. Осы айдың басында билік оппозицияшыл «Сөзші» телеарнасын да бақылауға алды.
Ердоғанның басты қарсыласы, Ыстанбұл әкімі Екрем Имамоғлу сыбайлас жемқорлық айыптарымен және сайлау заңнамасын бұзғаны үшін түрмеге қамалды. Ол мен оның партиясы бұл айыптауларды қатты жоққа шығарып отыр. Имамоғлудың жүздеген жақтасы ұқсас айыптауларға тап болды, үкімет басқа да науқаншыларды, заңгерлер мен әзілкештерді де түрмеге жапты.


