Түркия жағалауында төтенше оқиға болды: бортында 115 адам болған экскурсиялық кеме өртеніп, суға батты. Оқиға Фетхие қаласының маңындағы Катранджи шығанағында болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, өрт ас үйден басталып, тез арада бүкіл кемеге тараған. Екі адам түтіннен уланып, ауруханаға жеткізілді. Қалған жолаушылар медициналық көмектен бас тартты.

РИА Новости жергілікті DHA агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, өрт жергілікті уақыт бойынша шамамен 11:00-де (Астана уақытымен 13:00) Toys Boat кемесінің ас үйінде басталған. Жолаушылар, оның ішінде балалар, құтқару кеудешелерін киіп, суға секірген. Алдын ала мәлімет бойынша, ешкім қаза тапқан жоқ.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда жалынның кемені тез шарпығаны, ал адамдардың құтқару кеудешелерімен суда жүргені көрінеді. Оқиға орнына жағалау күзеті, теңіз қауіпсіздік қызметі және медициналық бригадалар жіберілді. Жақын маңдағы басқа кемелер де адамдарды эвакуациялауға көмектесті.

Алдын ала деректер бойынша, кеме қатты өртеніп, суға бата бастаған. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, тергеу басталды.