Түркия Сыртқы істер министрлігі Ақтау жағалауындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қазақстандық әскерилердің қаза табуына байланысты ресми көңіл айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Түркияның сыртқы саяси ведомствосы жазбаша мәлімдеме жариялап, онда қайғылы оқиғаға байланысты терең қайғысын білдірді. «Ақтау жағалауында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қаза табуы бізді қатты қайғыртты. Қаза тапқандардың жақындарына және Қазақстан халқына көңіл айтамыз», — делінген мәлімдемеде.

Бұған дейін Қазақстанға көңіл айтуды Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі жолдаған болатын. Ол Каспий теңізіндегі әскерилердің қаза табуына қатысты пікір білдірді.

24 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдап, Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты. Қазақстан президенті өз кезегінде Ресей көшбасшысына білдірген жанашырлығы үшін алғыс айтты.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізі жағалауындағы оқу-жаттығуы кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюі салдарынан әскерилер теңізге ағызылып кетті. Жедел қабылданған шаралардың арқасында үш әскери құтқарылды, тағы екеуін іздеу жалғасуда. Өкінішке қарай, 12 әскери қаза тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың тізімін жариялады — оған 11 матрос және бір аға лейтенант кірді. Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары әскерилердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазіргі таңда Каспийде іздестіру операциясы жалғасуда.