Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов ақын Жүрсін Ерман қатысқан видео тарағаннан кейін әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Ол Жүрсін Ерманның қазақ өнеріне сіңірген еңбегін атап өтіп, әлеуметтік желі қолданушыларын әртүрлі ақпаратқа біржақты баға бермеуге шақырды.
«Бәрі бітті, енді Жүрсін аға қалды ма? Қазақ өнерін Жүрсін ағамыз секілді түсінетін адам аз. Ағамыз соңғы кезде ауырыңқырап жүр. Аға, 100 жасаңыз. Көп парақшаларға айтарым, көрінген жаңалықтардың ақ-қарасын ажыратпай тұрып, 40-50 жыл ел үшін еңбек етіп жинаған абырой-беделін төкпейік. Керісінше, «ағамыздың жасын берсін Димашқа» деп неге жазбайсыздар?» – деп жазды Тұрсынбек Қабатов.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Жүрсін Ерман мен әнші Димаш Құдайбергеннің кездесуі бейнеленген видео тараған болатын. Бейнежазба пайдаланушылар арасында түрлі пікірталас тудырды.


