Тұз адам рационының маңызды бөлігі болып қала береді, алайда оны шамадан тыс тұтыну денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тұз құрамындағы натрий ағза жасушаларының қалыпты жұмысы үшін қажет екенін, бірақ ұсынылған нормадан артық тұтыну жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіп төндіретінін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, тұздың артық мөлшері қан қысымының жоғарылауына, ісінудің пайда болуына, бүйрек пен жүрекке жүктеменің артуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, тұзды шамадан тыс тұтыну инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың даму қаупінің бір факторы ретінде қарастырылады.
Мамандар «жасырын тұзға» ерекше назар аударады. Ол дайын өнімдерде — шұжық өнімдерінде, ірімшіктерде, тұздықтарда және басқа да өңделген тағамдарда кездеседі. Осыған байланысты адам дайын тағамға тұз қоспаса да, тәуліктік нормадан асып кетуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге тәулігіне 5 грамнан артық тұз тұтынуды ұсынбайтынын еске салды.
Тұз тұтынуды азайту үшін мамандар тағам дайындау кезінде оның мөлшерін біртіндеп кемітуге, балама ретінде дәмдеуіштер мен шөптерді қолдануға, сондай-ақ өнім құрамын қаптамада мұқият зерделеуге кеңес береді.
Ведомство тұзды рационнан толық алып тастау қажет емес екенін атап өтті: басты фактор — тепе-теңдікті сақтау және оның мөлшерін бақылау, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін.


