Қазақстан Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне жасанды интеллект технологиялары мен адаптивті тестілеуді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «1С Қазақстан» XVI ғылыми-практикалық конференциясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Гүл Джусупова айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білім трансформациясы туралы баяндамасында ол ҰБТ-ны жаңғыртуды білім жүйесін цифрландырудың бір бағыты ретінде атады. Басымдықтар қатарында — жасанды интеллектті енгізу, адаптивті тестілеуді дамыту және ұлттық емтихан деңгейін халықаралық мойындалған стандарттарға көтеру.
Бұл жоспарлар Ұлттық тестілеу орталығы ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатқан Admission Insight Test (AIT) жаңа форматын дайындау аясында талқылануда. Жаңа модель тек пәндік білімді ғана емес, сыни ойлау, зерттеу дағдылары мен цифрлық сауаттылықты да бағалауды көздейді. Жаңа форматты пилоттық сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Осылайша, өзгерістер емтихан тапсырмаларының мазмұнына ғана емес, болашақ студенттердің білімін бағалау тәсіліне де әсер етуі мүмкін. Алайда ҰБТ-да жасанды интеллектті қолданудың нақты тетіктері әзірге жарияланбады.
«Жасанды интеллект білім беру үдерісін ғана емес, оқу нәтижелеріне қойылатын талаптарды да өзгертіп отыр. Бүгінде игерілген ақпарат көлемін ғана емес, адамның талдау, білімді қолдану және заманауи технологиялармен жұмыс істеу қабілетін бағалау маңызды. Жоғары білім жүйесі, соның ішінде білімді бағалау құралдарын жетілдіру осы бағытта дамып келеді», — деді Гүл Джусупова.
Білімге жаңа технологияларды енгізу мәселелері 1С конференциясының негізгі тақырыптарының біріне айналды. Мемлекеттік органдар, университеттер мен технологиялық бизнес өкілдері экономиканың қарқынды цифрлануы жағдайында мамандар даярлау қалай өзгеруі керектігін талқылады.
«1С Қазақстан» директоры Дмитрий Годунның айтуынша, білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің нақты талаптарын ескеруі тиіс, ал практикалық цифрлық дағдыларды оқу барысында-ақ қалыптастыру қажет.
«Бүгінде технологиялар дәстүрлі білім беру бағдарламаларынан жылдамырақ өзгеріп жатыр. Сондықтан студенттер оқу барысында-ақ заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеп, бизнестің нақты міндеттерін шешу мүмкіндігіне ие болуы маңызды. Жасанды интеллект пен автоматтандыру кәсіби ортаның бір бөлігіне айналып үлгерді, ал біздің міндетіміз — білім беру мекемелеріне осы технологияларды тиімді пайдалана алатын мамандар даярлауға көмектесу», — деп атап өтті Дмитрий Годун.
Осындай ынтымақтастықтың бір мысалы — «1С Қазақстан»-ның оқу орындарымен жұмысы. Бүгінде елімізде 12 фирмалық 1С сыныбы жұмыс істейді, тағы бес білім беру ұйымында оқытушылар даярлануда. Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастық аясында компания университеттерді компьютерлік техникамен жарақтандыруға да қатысуда. Үш ұлттық жоғары оқу орнының әрқайсысы 15 компьютерден алды.
Айта кетейік, XVI ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстанның 20 қаласынан 26 университет пен 21 колледждің өкілдері қатысты. Негізгі назар білім беруді цифрлық трансформациялауға, кәсіби құзыреттерді дамытуға және заманауи экономика үшін кадрлар даярлауға аударылды.


