Батыс Қазақстан облысында учаскелік инспектордың сергектігінің арқасында балалы отбасы аман қалды. Ол түнде өртті байқап, ұйықтап жатқандарды оятқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқиға 1 қыркүйекке қараған түні Жаңғала ауданының Қырқопа ауылында болған. Патрульдеу кезінде учаскелік инспектор Нұрлыбай Нұрмұханов бір үйдің үстінен қою түтін көтеріліп жатқанын байқаған.
Шамамен 04:30-де полиция қызметкері дереу оқиға орнына бет алған. Ол жерге жеткенде, тұрғын үйге іргелес орналасқан мал қорасының жанып жатқанын және оттың үйге қарай тарай бастағанын көрген.
Уақыт жоғалтпай, полицей үй тұрғындарын оятып, оларға балаларымен бірге қауіпті аймақтан шығуға көмектескен. Өрт сөндірушілер келгенге дейін ол үй иелерімен бірге жанған қорадан малды алып шығып, құмның көмегімен оттың тұрғын үйге тарауына жол бермей, оқшаулау шараларын қолданған.
Үй иесі Есқали Мұратов құтқарушыға алғысын білдірді: "Егер Нұрлыбай келіп, бізді оятпағанда, бізге және балаларымызға не болар еді, тіпті білмеймін. Біздің отбасы оған шексіз риза".
Осылайша, отбасы апаттан аман қалып, тұрғын үй мен мүлік өрттен сақталып қалды.


