Абсолюттік жекпе-жек чемпионаты (UFC) жартылай орта салмақта (77,1 кг-ға дейін) уақытша белдік үшін жекпе-жек өтетінін ресми түрде жариялады. Уақытша титулды дивизион рейтингінде екінші және үшінші орында тұрған бразилиялық Карлос Пратес пен эквадорлық Майкл Моралес сарапқа салады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл жекпе-жек 2027 жылғы 30 қаңтарда Канаданың Торонто қаласында өтетін UFC 336 турнирінің басты екінші оқиғасы атанбақ.

Жартылай орта салмақтағы толыққанды чемпиондық белдік ресейлік Ислам Махачевке тиесілі. UFC басшысы Дана Уайт баспасөз конференциясында промоушеннің бұл дивизионда уақытша титулды не үшін енгізгенін түсіндірді.

«Әдетте Ислам жылына бір рет жұдырықтасады. Біз оның жекпе-жегін қаңтарға жоспарлаған едік, бірақ ол Рамазанға дейін жұдырықтаса алмайтынын айтты. Ал біз дивизионды осылай ұстап тұра алмаймыз. Ілгері жылжу керек, әрі бұл жекпе-жектің мәні бар», — деді Уайт.

Жартылай орта салмақта қазақстандық Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. Ол дивизионның топ-3 құрамында болған, алайда 2024 жылдың соңынан бері созылған мансаптағы үзіліске байланысты қазақстандық рейтингтен шығарылды.

UFC 336 турнирінің басты оқиғасы ретінде ең жеңіл салмақтағы (56,7 кг-ға дейін) титулдық жекпе-жек белгіленді. Мьянма өкілі Джошуа Ван белдікті қорғайды, оған португалиялық Манель Капе таласады.