Угандада әлемнің ең жас монархы атанған Тооро патшалығының билеушісі Ойо Ньимба Кабамба Игуру Рукиди IV жер қойнына тапсырылды. Ол 34 жасында АҚШ-та қатерлі ісікке емделіп жүріп қайтыс болған. Мұрагер мәселесіне қатысты дау шыққан соң, жерлеу рәсімі бірнеше күнге кейінге шегерілген еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ойо үш жасынан бастап Уганданың батысындағы дәстүрлі Тооро патшалығын басқарған. Тооро — Уганданың дәстүрлі патшалықтарының бірі. Олар 1967 жылы жойылып, 1990 жылдары Президент Мусевени тұсында қайта жаңғыртылды. Олардың билеушілері саяси басшы емес, мәдени көшбасшы ретінде танылады.

Патшаның табыты Форт-Порталдағы патшалық қабірлерге жеткізілгенде, мыңдаған аза тұтушы көше бойында тізіліп тұрды. Жеке рәсім сол жерде өтті.

Ойо Тоороның патшасы болып тағайындалғанда нәресте ғана еді. Гиннесс рекордтар кітабының дерегінше, ол билік құрған кезде әлемдегі ең жас монарх болған.

Ру басылары келесі монарх етіп тағайындаған 56 жастағы тележүргізуші ханзада Эдвард Рукиди Киджанангома Ойоның қабіріне тоғыз кофе дәнін тастады. Бұл рәсім бір биліктің аяқталып, екіншісінің басталғанын білдіреді.

Алайда бірнеше күн бұрын Ойоның отбасы марқұм монархтың немере ағасы Киджанангоманы Тоороның жаңа патшасы ретінде мойындамады. Ойоның қарындасы, ханшайым Рут Комунтале марқұм патшаның 2022 жылы жазылған өсиет қалдырғанын, онда кішкентай ұлы мұрагер етіп көрсетілгенін айтты. Баланың есімі ешқашан жарияланбаған.

Сонымен қатар оның анасы, ханшайым Бест Кемигиса сарайдан патшалық күзетшілер алынып, әскерилер орналастырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл патша әулетінің қозғалысын және қонақ қабылдау мүмкіндігін шектеп, «үй қамауында» ұстауға айналған.

Сенбіде Уганда шіркеуінің архиепископы Стивен Казимба Мугалу бірлікке шақырды. «Қайғы кезінде айтылған сөздер жарақат әкеліп, бөлініс пен жанжал тудыруы мүмкін. Ол тіпті біз аза тұтып отырған патшаның мұрасын жоя алады», — деді ол аза тұтушыларға.

Уганда Президенті Йовери Мусевени де мәселенің «бөліністен гөрі бірлікті қолдайтындай» шешілуін талап етті.

Мұрагерлік мәселесін қадағалап отырған ру Киджанангоманы таңдауын қорғады. Бабиито патшалық руының басшысы Омусууга Чарльз Карумаси: «Біз Тоороның мәдениеті мен дәстүрлерін сақтай отырып, бәрін жасадық. Барлығымыз бейбітшілік пен тыныштықты сақтауымыз керек», — деді.