Екатеринбургтегі Орал мемлекеттік тау-кен университетінің (УГГУ) командасы ФИДЕ туы астында өнер көрсетіп, Алматыда өткен университеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Қазақ ұлттық спорт университетінің қазақстандық командасы қола медальға ие болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Сент-Луис университетіне (АҚШ) қарсы финалдық матчта сегіз партияның алтауы тең аяқталды. Жеңіске шешуші үлесті халықаралық шебер Лия Гарифуллина қосты, ол америкалық әйелдер гроссмейстері Талия Кервантес-Ландейроны екі рет жеңді.

Үшінші орын үшін болған матч турнирдің нағыз көркіне айналды. Бірінші турда америкалықтардан ұтылып қалған қазақстандық шахматшылар екінші турда реванш алды. Негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды, блиц те жеңімпазды анықтай алмады – 2:2. «Армагеддон» форматындағы суперблицте Қазыбек Ногербек үндістандық гроссмейстер Адити Самантты жеңіп, командасына қола медаль әкелді.

Турнирді ФИДЕ Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Қазақстан шахмат федерациясымен және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Бас серіктестер Freedom компаниялар тобы және «Шапағат» корпоративтік қоры болды.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 50 мың еуроны құрады. Чемпиондар 25 мың еуро, АҚШ-тан келген вице-чемпиондар 15 мың еуро, ал Қазақстаннан келген қола жүлдегерлер 10 мың еуро алды.