Үндістандағы қонақүйде болған атыстан бес адам қаза тауып, тағы бір адам жараланды. Атыс ашқан күдікті шабуылдан кейін бір сағат ішінде ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
The Times of India-ға сілтеме жасаған NUR.KZ-тің мәліметінше, белгісіз біреу жергілікті уақытпен сағат 21:00 шамасында (Астана уақытымен 20:30) Гувахати қаласындағы Bilas Inn қонақүйінде оқ жаудырған. Атыс кезінде алты адам тіркеу орнының жанында тұрған.
Оқиға салдарынан бес адам сол жерде көз жұмды, тағы бір адам жарақат алды. Қаза тапқандардың төртеуі бір отбасының мүшелері болған.
Гувахати полиция комиссары Парта Саратхи Маханта күдіктінің оқиғадан кейін бір сағат ішінде ұсталғанын мәлімдеді. Одан атыс кезінде қолданылған болуы мүмкін қару тәркіленді. Ұсталған адамнан жауап алынып жатыр.
«Алдын ала тергеу нәтижесіне сүйенсек, оқиға Bilas Inn қонақүйін жалдау шартына қатысты мүліктік даудан туындаған болуы мүмкін деп болжап отырмыз», — деді Маханта тергеу әлі бастапқы кезеңде екенін қоса айтып.
Полиция комиссарының айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.


