Америка Құрама Штаттары Президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер Вашингтонның делдалдығымен 10–11 қарашада Абу-Дабиде өтетінін хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Бұл туралы Дональд Трамптың өкілі X әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, Құрама Штаттар 10–11 қарашада Абу-Дабиде өтетін Украина мен Ресей арасындағы жұмыс деңгейіндегі келіссөздерге делдал болады. Уиткоффтың атап өтуінше, бұл Дональд Трамп Президентінің соғысты тоқтату жөніндегі миссиясының жалғасы болмақ.

Арнайы өкілдің сөзінше, талқылау барысында негізгі назар соғыстан кейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктеріне, қақтығысты деэскалациялауға, гуманитарлық мәселелерге және бейбітшілікке қарай жасалатын келесі қадамдарға аударылады.

Ол сондай-ақ жақын күндері американдық келіссөз жүргізушілер Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездесіп, Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін, Еуропаның соғыстан кейінгі қауіпсіздік архитектурасын, сондай-ақ елді қалпына келтіруді қолдауға арналған экономикалық мүмкіндіктерді талқылайтынын мәлімдеді.

«Біз Киев, Осло және Санкт-Петербургте қол жеткізілген ілгерілеуді одан әрі дамытып, көптеген ұрпаққа берік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жан-жақты әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол қоюға жақындауды көздеп отырмыз», — деп жазды Уиткофф.

Бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский Түркия басшысы Реджеп Тайип Эрдоғаннан Владимир Путинмен Түркияда кездесу ұйымдастыруды сұраған болатын.