Қазақстан Үкіметі Абай облысындағы Курчатов қаласында қуаты 700 мегаватт конденсациялық электр станциясын салуды көздейтін инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жобаны «ГРЭС Курчатов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады. Жаңа станцияның құны 881 миллиард теңгені құрайды. Әрқайсысы 350 мегаватт болатын екі энергоблокты кезең-кезеңімен 2032 жылға дейін іске қосу жоспарланған. Іске қосылғаннан кейін нысан жылына бес миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Сонымен қатар, жобаны іске асыру шамамен 4,4 мың жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.
Жаңа электр станциясы Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, зерттеу реакторлары, зертханалар мен қазақстандық термоядролық токамак ҚТМ орналасқан Курчатов қаласы үшін қосымша энергияның негізгі көзіне айналуға тиіс. Станцияда заманауи бу-күш жабдықтары мен «таза көмір» технологияларын қолдану жоспарлануда. Зиянды шығарындыларды азайту үшін газ тазарту, сүзу және шаң басу жүйелері қарастырылған.
Жоба қаланы электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, ғылыми, өнеркәсіптік және қалалық инфрақұрылымды дамытуға қосымша қуаттар жасайды деп күтілуде. Бұған дейін Курчатов еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салуға ықтимал алаң ретінде қарастырылғаны, алайда кейін Энергетика министрлігінде 700 мегаватттық көмір жылу электр орталығын салу туралы шешім қабылданғаны хабарланған болатын.


