Украина Каспий құбыр консорциумының (КТК) нысандарына және оның Қара теңіздегі терминалына бара жатқан танкерлерге, егер олар Ресейге қатысы болмаса, Украина санкцияларының тізімінде болмаса және ресейлік мұнай тасымалдамаса, шабуыл жасамауға міндеттенді, деп хабарлайды infohub.kz.
Bloomberg-тің американдық шенеунікке сілтеме жасауынша, Киев бұл кепілдікті АҚШ билігінің өкілдерімен келіссөздерден кейін берді.
Өз кезегінде The Wall Street Journal АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинаны Қара теңізде үшінші елдердің кемелері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасауға жол берілмейтіні туралы ескерткенін хабарлайды.
Мұндай әрекеттердің ықтимал зияны мәселесі Ақ үйде КТК-нің 15% үлесіне ие және консорциум инфрақұрылымын қорғауға мүдделі американдық Chevron компаниясының өкілдері тарапынан көтерілді.
Айта кету керек, КТК соңғы уақытта бірнеше рет шабуылға ұшырады. 2025 жылдың ақпанында жеті ұшқышсыз ұшу аппараты ең ірі мұнай айдау станциясы «Кропоткинскаяға» соққы берді, содан кейін жүйе бойынша мұнай айдау 30–40%-ға қысқарды.
Күзде теңіз терминалының бір айлақ құрылғысы зақымданды. Шабуылдардың жаңа толқыны 2026 жылдың шілдесінде болды: қазақстандық мұнай тасымалдаған Nordic Zenith, ASIA, NISSOS IOS және NELSA танкерлері зақымданды. Осыған байланысты КТК мұнай қабылдауды және тиеуді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Бұған дейін Қазақстан Энергетика министрлігі КТК мұнай құбырын уақытша тоқтатқаннан кейін қайтадан мұнай қабылдай бастағанын хабарлаған болатын.
Кеше Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов реттеуші КТК арқылы мұнай экспортының уақытша тоқтатылуына байланысты теңге бағамының күрт ауытқуын күтпейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Ұлттық банк бағамның нарықтық емес ауытқулары байқалса, шара қолдануға дайын.
Энергетика және инвестиция саласындағы сарапшы Олжас Байділдиновтың есептеуінше, КТК-ға жасалған шабуылдар салдарынан Қазақстан шілде айында 700 млн доллардан астам қаражат ала алмай қалуы мүмкін.


