14 қазанға қараған түні Starshield — Starlink спутниктік байланысының әскери пакеті — жұмысында шектеулер пайда болып, Украина Қарулы күштерінің дрондарын басқару мен байланысын, сондай-ақ украин армиясының логистикасын қиындатты. Бұл шешімді кім қабылдағаны әлі күнге дейін ресми түрде расталған жоқ: бұқаралық ақпарат құралдары Ақ үй мен Илон Маскты нұсқап отыр, ал АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Украина Қорғаныс министрлігінің дерегінше, Starshield жұмысындағы шектеулер 14 қазанға қараған түні пайда болып, дрондарды басқару мен байланысты қиындатты. The Telegraph газетінің жазуынша, терминал сағатына 160 км-ден жылдам қозғалса, байланыс шектеледі. Газеттің бағалауынша, бұл ресейлік реактивті дрондар мен зымырандарды ұстап қалу үшін дрондарды пайдалануға кедергі келтіреді.
15 қазанда Украина Қорғаныс министрлігі далалық жағдайда терминалдардың жұмысы қалпына келтірілгенін хабарлады. Алайда The Telegraph газетінің 16 қазандағы дерегінше, жылдамдық шектеуі сақталған.
Шешімнің бастамашысы туралы мәліметтер әркелкі. Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, жүйе жұмысын шектеу туралы нұсқау Ақ үйден келгенін хабарлады. The Telegraph төрт сұхбаттасушыға сілтеме жасап, бастамашы ретінде Маскты атады. Газеттің бір дереккөзінің айтуынша, SpaceX басшысы бұл идеяны Трампқа ұсынған, президент оны қолдаған, содан кейін Пентагон шектеулер енгізген. Алайда кейінірек есімі жасырылған американ шенеунігі AFP агенттігіне Трамп мұндай нұсқау бермегенін мәлімдеді.
Масктың өзі 14 қазанда X әлеуметтік желісінде Starshield жұмысын шектеу туралы шешімді американ әскерилері қабылдайтынын, ал түпкілікті шешімді АҚШ президенті қабылдайтынын жазды.
16 қазанда АҚШ президенті Ақ үй жанында журналистерге Украина үшін спутниктік байланыс жұмысын шектеу туралы бұйрық бермегенін айтты. «Мұны біреу жасады ма, білмеймін. Бұл мен емес», — деді Трамп. Ол сондай-ақ шешімді Маск қабылдағанына күмән келтірді. Президенттің айтуынша, Starshield мәселесі туралы ол таңғы жаңалықтардан білген, ал өзіне белгілі болғандай, жүйе бұрынғыша жұмыс істеп тұр. Осылайша, шектеулерді кім енгізгені туралы ресми растау әзірге жоқ.
Украинаның жоғары лауазымды шенеунігі атын жасырып DW агенттігіне Киевтің АҚШ-тан шектеулерге қатысты түсініктеме алмағанын айтты. «Біз мұны болашақтағы ықтимал шектеу шаралары туралы сигнал ретінде қарастырамыз», — деді басылымның сұхбаттасушысы.
Сонымен қатар американ сенаторлары Киевке ресейлік энергетикалық инфрақұрылымға соққыларды тоқтатуды, оның орнына Starlink-ке Ресейдің ішіне қарай шамамен 300 км-ге дейін қолжетімділікті кеңейтуді ұсынды, деп жазады The Wall Street Journal. Басылымның дерегінше, Владимир Зеленский мұндай мәмілеге келісуге және соққыларды 100 күнге тоқтатуға дайын екенін білдірген. Келісімге қол жеткізілгені туралы әзірге хабарланған жоқ.


