Ғылыми жұмыстарды жалпылама талдау көрсеткендей, құрамында өнеркәсіптік тағам көп рацион гипертония, қант диабеті, қатерлі ісік және мезгілсіз өлім қаупін арттырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ғалымдар ультраөңделген өнімдердің (UPF) адам денсаулығына әсеріне арналған ғылыми зерттеулерге жалпылама талдау жүргізді. «Family Medicine and Community Health» журналында жарияланған жұмыс нәтижелері мұндай тағамды көп тұтыну бірқатар созылмалы аурулардың даму қаупімен және барлық себептерден болатын мезгілсіз өліммен тікелей байланысты екенін растайды.

Ультраөңделген өнімдерге тұтынуға немесе қыздыруға дайын, терең өнеркәсіптік өңдеуден өткен тауарлар жатады. Олардың құрамында әдетте көптеген тағамдық қоспалар болады, қант, тұз және майға бай, бірақ клетчатка, ақуыз және витаминдерге кедей. Зерттеу барысында ғалымдар мұндай өнімдердің тәуліктік тұтынылуын 50 грамдық порцияларға айналдырып, олардың организмге әсерін талдады.

Алынған деректерге сәйкес, ультраөңделген тағамды белсенді тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 24%-ға, ас қорыту жүйесі ауруларының қаупін 31%-ға, депрессия мен мазасыздықтың қаупін 27%-ға, қант диабеті мен метаболикалық синдромның қаупін 24%-ға, семіздіктің қаупін 23%-ға, қатерлі ісіктің қаупін 12%-ға, ал кез келген себептен болатын өлім қаупін 18%-ға арттырады. Зерттеушілер күн сайын қосымша 100 грамм мұндай тағам денсаулыққа төнетін қатерді біртіндеп ұлғайтатынын атап өтеді.

Авторлар теріс әсердің себептері ретінде тағамдық қоспалардың «коктейль әсерін», ішек микробиомының бұзылуын, қабыну процестерін, сондай-ақ термиялық өңдеу кезінде пайда болатын акриламид сияқты улы қосылыстарды атайды. Дәрігерлер созылмалы патологиялардың алдын алу үшін ультраөңделген өнімдерді аз өңделген баламалармен алмастыруды ұсынады.