Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
Ұлтты тәуелсіздікке үндеген «ҚАЗАҚ» газеті

Газетіміздің көп мақсатының бірі — басқадан да алып, өзімізде барын жиып, қазақ тілінің бетін жөндеп, жолын ашпақ, сондықтан қазақтың мақалдары, тақпақ сөздері, билердің, шешендердің айтқан сөздері, басылған өлеңдер, қиссалар бәрі де қабыл алынады, басылмай қалған сөздер қайтарылмайды.

«Қазақ» газетінің шығарушылар алқасы

 

"Қазақ" газетінің құрылтайшылары (солдан оңға қарай): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы.

1913 жылы 2 ақпанда Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашқы жылдары апта сайын, ал 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрған басылым бес жылдың ішінде қазақ тілінде кәсіби газет стилін қалыптастырды.

««Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы — заманның түріне қарап істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма?

Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай, общинамыз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екендігін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.

Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер — кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады.

Екінші, газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.

Үшінші, газет — халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртінші, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады.

Халыққа газеттің осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп...» — 1913 жылдың 2 ақпаңында дәл осы сөздермен «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов алғаш мақаласын бастаған еді.

Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.

«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы - Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М. Дулатұлы болды. 

«Қазақ» газетінің авторлары: Бірмұхамет Ақбасов, Жүсіпбек Аймауытов, Жақып Ақбаев, Ишанғали Арабаев, Мұхтар Әуезов, Гүләйім Байгурина, Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бірімжанов, Аққағаз Досжанова, Халел Досмұхаметов, Сәбит Дөнентаев, Міржақып Дулатов, Ғанижамал Дулатова, Әлімхан Ермеков, Мүсілім Ермеков, Ілияс Жансүгіров, Таһир Жомартбаев, Құдайберген Жұбанов, Мағжан Жұмабаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердиев, Нәзипа Құлжанова, Бейімбет Майлин, Мұстақым Малдыбаев, Ахмет Мәметов, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Шоқай, Ахмет Оразаев, Мұстафа Оразаев, Биахмет Сәрсенов, Жансұлтан Сейдалин, Жиһанша Сейдалин, Асылбек Сейітов, Мұхаметжан Сералин, Бекмұхамбет Серкебаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхаметжан Тынышбаев, Жұмағали Тілеулин, Субханберді Хасенов, Сәдуақас Шорманов.

"Қазақ" газетінің 1914 жылғы 14 ақпан күнгі №50 саны "Қыр баласының" қазақтың дәстүрлі билер сотын қалпына келтіру қажеттігін айғақтап жазған "Би һәм билік" мақаласымен ашылады.

Бірінші қатарда отырғандар: "Қазақ" газетінің демеушісі Хасен Ақайұлы мен бәйбішесі. Тұрғандар: ортада Смайыл Байтенұлы, екіншісі - белгісіз.

Ахмет ишан Оразайұлы, "Қазақ" газетіне ақша беріп, демеушілік танытқан адам.

Ахмет Байтұрсынұлы, "Қазақ" газетінің үш құрылтайшысының бірі, әрі 1913-1917 жылдардағы бас редакторы.

Мұстафа Шоқай, Түркістан мұхтариятының (Қоқан автономиясының) жетекшісі. "Қазақ" газеті авторларының бірі.

Ғұмар Қарашұлы, 20-ғасыр басындағы танымал дін қайраткері, ақын. "Қазақ" газеті авторларының бірі, әрі Алаш қозғалысы мен Алашорда автономиясының белсендісі.

"Қазақ" газетінің тілшілері: Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева. Орынбор, 1914 жыл.

Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы үкіметінің (Халық Кеңесінің) мүшелері Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп келіп қоныстанған 1918 жылы. Үшінші қатарда отырғандар: солдан оңға қарай бірінші - Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін басына ақ кепкі киген - Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан. 1918 жыл.

20 басындағы қазақ зиялыларының тобы. Бірінші қатарда қақ ортада ақ жейдемен отырған Әлихан Бөкейхан, оның сол жағындағы адам - Абайдың ұлы Тұрағұл, оның жанында отырған Жұбандық Болғанбаев. Екінші қатарда оң жақтан екінші тұрған Көкбай Жанатайұлы.

Бірінші қатарда (солдан оңға) екінші отырған Турағұл Абайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Мұқан Жәкежанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы. Екінші қатарда (солдан оңға): Елдес Омаров, Сейдәзім Кәдірбаев, қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов, Міржақып Дулатов, Жұбандық Болғанбаев. Семей қаласы, 1918 жыл.

Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Екінші қатарда (солдан оңға): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.

Ахмет Байтұрсынұлы ізбасарларының ортасында.

20-ғасыр басындағы қазақ зиялылары. Ортада отырған - "Қазақ" газетінің өкілетті өкілі Міржақып Дулатұлы. Ташкенттегі фотостудиялардың бірінде түсірілген сурет.

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама