Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарға үндеу жасап, алаяқтар сәлемдеме, SMS-кодтар мен eGov атынан қоңырау шалу арқылы ақшаға қол жеткізетін телефон алаяқтығы схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Схема курьерлік немесе пошта қызметінің атынан қоңырау шалудан басталады: адамға сәлемдеме келгені айтылып, жеткізуді растау үшін SMS-тегі кодты атауды сұрайды. Алаяқтар курьер күтіп тұрғанын, кезектен айырылып қалу қаупін немесе әңгіме біткен соң жеткізуді қайта рәсімдеу қажеттігін сылтауратып, әңгімелесушіні әдейі асықтырады. Осылайша олар жеделдік сезімін тудырып, адамға SMS-хабарламаның мазмұнымен мұқият танысуға мүмкіндік бермейді.

Кодты алған соң алаяқтар келесі кезеңге көшеді. Азаматқа өзін цифрлық үкіметтің (eGov) қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалады. Әңгіме барысында есептік жазба бұзылғаны, сондай-ақ дербес деректердің тарап кетуі немесе көшірілуі мүмкіндігі туралы айтылады. Сенімдірек болу үшін алаяқтар азаматты қорғау мақсатында «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын, ал жағдай құқық қорғау органдарының немесе «Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің» бақылауында екенін алға тартуы мүмкін. Кейін қоңырау схеманың басқа қатысушысына қосылуы ықтимал. Мұндай әрекеттердің түпкі мақсаты — азаматтардың ақшасына қол жеткізу.

Мұндай схемалардың тән белгісі — психологиялық қысым. Алаяқтар телефон әңгімесін үзбеуді, болып жатқан жағдайды үшінші тұлғаларға айтпауды және әңгіменің құпиялылығын сақтауды талап етуі мүмкін. Кейбір жағдайда азаматтарды ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілікпен қорқытып, не әңгімені тоқтату ақша мен дербес деректерді қорғауға бағытталған рәсімдердің күшін жоятынын алға тартады. Мұндай әрекеттер азаматтың жақындарынан, банктен не құқық қорғау органдарынан кеңес пен көмек сұрау мүмкіндігін шектеуге бағытталған.

Ұлттық банк SMS-хабарламаны жіберушіні мұқият оқып, тексеруді, SMS-тегі кодтарды ешқашан үшінші тұлғаларға айтпауды, ал күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми телефон нөміріне қайта қоңырау шалуды ұсынады.

«Ұлттық банк қызметкерлері аудио- және бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшаны пайлық инвестициялық қорларға және өзге де қаржы өнімдеріне салуды ұсынбайтынын, ақшаны сақтандырумен айналыспайтынын, банк карталарының құпиясөздері мен деректемелерін сұрамайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз», — деді Ұлттық банкте.

Алаяқтыққа тап болған жағдайда қазақстандықтарға құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуге кеңес беріледі. Кеңесті Ұлттық банктің 1477 нөмірі бойынша байланыс орталығынан алуға болады.