Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми хабарламалары жыл сайын түсінуге қиындап барады: базалық мөлшерлеме туралы баспасөз хабарламаларын түсіну үшін оқырманға жоғары оқу орнының студенті немесе түлегі деңгейіндегі білім қажет. Осындай тұжырымға Applied Economics Research Centre (AERC) зерттеушілері «Қазақстанның монетарлық саясатының ерекшеліктері» атты есебінде келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
AERC мамандары реттеушінің коммуникациялық стратегиясының эволюциясын Ұлттық Банк қызметкерінің (Мейрманова, 2024) зерттеуіне сүйене отырып талдады. Деректер ресми құжаттардағы сөз тіркестерінің үнемі күрделеніп келе жатқанын көрсетеді.
Базалық мөлшерлеме жөніндегі баспасөз хабарламалары үшін Флеш оқуға жеңілдік индексі 2019 жылғы 41,5-тен 2023 жылы 36,4-ке дейін төмендеді. Бұл мәтіндердің қабылдауға күрделенгенін білдіреді. Флеш-Кинкейд индексі де 12,8-ден 13,6–14,1-ге дейін өсті. Бұл шкала бойынша реттеушінің мәлімдемелерін түсіну үшін 13–14 жыл оқу қажет.
Сарапшылар Англия Банкінің қызметкері Дж. Фулвудтың есептеулерінен алынған көрнекі салыстыруды келтіреді: БАҚ-тағы көптеген мақалалар мен ұлы жазушылардың көркем шығармаларын түсіну үшін 10 жылдан аспайтын білім жеткілікті; физика саласындағы Нобель лауреаты Ричард Фейнманның Гейзенбергтің анықталмағандық принципін түсіндірген сөзін түсіну үшін бар болғаны 8 жыл білім қажет; ал орталық банктердің мәтіндерін түсіну үшін 14 жыл білім қажет.
Талдаушылар Ұлттық Банк есептерінің күрделенуіне байланысты оларды кең аудиторияның түсінуі қиындағанын, ал реттеушінің мәлімдемелерінің азаматтардың инфляцияға қатысты күтулеріне әсері төмендегенін атап өтеді.
Сонымен қатар AERC талдаушылары Ұлттық Банктің 2015 жылы инфляциялық таргеттеуге көшкен сәттен бастап ауқымды институционалдық ілгерілеуін тіркейді. Бұған дейін қоғамды хабарландыру тек сирек баспасөз хабарламалары мен теңге бағамы жөніндегі түсініктемелермен шектелген.
Мәселен, соңғы жылдары Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерді негіздейтін тұрақты баспасөз хабарламаларын енгізіп, Ақша-кредит саясаты туралы баяндаманы жариялай бастады, әлеуметтік желілердегі аккаунттар ашып, сайтын жаңартты, басшылықтың брифингтері мен сұхбаттарын ұйымдастыра бастады.
Бұдан бөлек, 2020–2022 жылдары реттеуші нарыққа пайыздық мөлшерлемелердің ықтимал траекториясы туралы сигнал беретін алдын ала бағдарлау (forward guidance) элементтерін енгізді.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап Ұлттық Банк Ақша-кредит саясаты комитетінің талқылау қорытындыларын жариялай бастады, олар қабылданған шешімдердің себептерін ашады.
Банктер мен ірі компаниялар бұл сигналдарды оқып, оларды кредиттік және депозиттік мөлшерлемелерге енгізуді үйренді, дейді AERC. Алайда қарапайым азаматтармен байланыс арнасы нашар дамыған күйде қалды. Ұлттық Банк қаржы нарығының кәсіби қатысушыларына бағдарланады, ал кең жұртшылық көлемді аналитикалық мақалалар мен есептерді елемейді.
Ресми есептер тек сарапшыларға түсінікті болғандықтан, ал медиа кеңістік теңге бағамының ауытқуын талқылауға толы болғандықтан, халықтың инфляциялық күтулері жоғары болып қалуда — нақты инфляциядан 3–4 пайыздық тармаққа жоғары.
2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясында Ұлттық Банк ашықтықты одан әрі арттырып, өз шешімдерінің себептерін белсендірек түсіндіруге уәде берді. AERC сарапшылары атап өтеді: баға өсімін тежеу үшін реттеуші күрделі бағыныңқы сөйлемдері бар мәтіндерден бас тартып, халықпен неғұрлым тікелей және түсінікті коммуникацияға көшуі, қысқа форматтар мен инфографиканы пайдалануы қажет.


