Жыл басынан бері Ұлытау облысына Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен 39 отбасы — барлығы 167 адам қоныс аударды. Оларды қолдау мен жұмыспен қамтуға республикалық бюджеттен шамамен 190 миллион теңге бағытталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Отбасылардың көбі кадр тапшылығы сезілген ауылдарға қоныстанды. Қоныс аударушылардың бірі Қайсар Қайнарбекұлы Ұлытау ауылына көшіп келген. Оның айтуынша, уәде етілген көмектің бәрін алған: мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, мемлекет бөлген қаражатқа баспана сатып алған. Жаңа жерде өз ісін ашуға да мүмкіндік тапқан.

«Ұлытау — әдемі жер. Адамдары мейірімді, қонақжай, қонаққа шақырады, көмектеседі. Бірдеңе керек болса, көршілерге әрдайым жүгінуге болады. Әуелде қиын болады деп ойладым, бірақ тез үйреніп кеттім. Мұнда маған ұнайды. Ветеринарлық пунктте санитар болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ тауық сатып алып, шағын ісімді бастадым», — деп бөлісті Қайсар Қайнарбекұлы.

Қоныс аударушыларға отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде қаржылай көмек көрсетілді. Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, баспана сатып алуға 7 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаттары да берілді.

«Ұлытау ауданына 11 отбасы келді. Бесеуі Ұлытаудың өзіне, қалғаны аудан ауылдарына қоныстанды. Ересектерге жұмыс табуға көмектестік, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастырдық. Отын-суға қатысты көмек көрсетіп жатырмыз», — дейді аудандық Мансап орталығының маманы Қабылбек Рашатов.

Бағдарламаға қатысудың басты шарттарының бірі — өңірде кемінде 5 жыл тұру. Ерікті қоныс аудару бағдарламасы әлеуетті жұмысшыларды дәл олар қажет жерге тартуға көмектеседі.

«Ең алдымен қоныс аударушыларға мамандығы бойынша жұмыс таңдаймыз. Мұғалімдер мен дәрігерлер қажет. Мемлекеттік қызметте 100-ден астам бос орын, полиция департаментінде 200-ге жуық бос орын бар. Кадр тапшылығын толықтыру үшін күшейтіп жұмыс істеп жатырмыз», — деп түсіндірді облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаев.

Өңірге көшуге ниет білдірушілер аз емес, дейді Еңбек мобильділігі орталығында. Сондықтан келер жылы қоныс аударушыларды қабылдау квотасын ұлғайту жоспарлануда.