Ұлытау облысы Жайрем кентіндегі үйлену тойы керуеніне қатысқан сегіз автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушілері жол ережесін өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп infohub.kz сайты хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында кенттегі мейрамханалардың бірінде ұйымдастырылған үйлену тойы керуенінің қатысушылары жол ережесін өрескел бұзғаны анықталған. Автокөлік шеруінің ұйымдастырушысы және жүргізушілері ереже бұзған сегіз көлік анықталды.
Барлық автокөлік арнайы айыптұраққа қамалды. Жүргізушілер ұсақ бұзақылық, қауіпсіздік белдігін тақпау, қарсы жолаққа шығу, көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу, автокөлікті пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтамау, сондай-ақ басқа жол жүрісіне қатысушыларға апаттық жағдай туғызғаны үшін жауапқа тартылды.
«Полиция азаматтарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырады. Үйлену тойы керуендері, мерекелік шерулер және басқа да салтанатты іс-шаралар заңды бұзуға және айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге негіз бола алмайды», - деді тәртіп сақшылары.


