Сауд Арабиясының билігі қажыларға бір жыл мерзімге көп реттік умра визасын енгізді. Бұл виза корольдікке бірнеше рет кіруге мүмкіндік береді, бірақ жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауы тиіс, деп хабарлайды infohub.kz.

Сауд Арабиясының қажылық және умра істері министрлігінің хабарлауынша, жаңа виза 365 күн жарамды және көп рет кіруге мүмкіндік береді. Елде болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы керек. Әр сапар алдында қажылар Nusuk платформасы арқылы умра жасауға рұқсат алуы, сондай-ақ қонақүй, көлік және басқа да қызметтерді алдын ала брондауы қажет.

Айта кету керек, көп реттік умра визасы қажылық маусымы кезінде умра жасауға құқық бермейді. 90 күндік белгіленген лимитті пайдаланғаннан кейін қайта кіру үшін жаңа виза рәсімдеу қажет. Министрлік бұл визаның енгізілуі қажыларға қызмет көрсету жүйесін қолдаудың жалғасы және көрсетілетін қызметтерді дамыту аясындағы қадам екенін атап өтті.