АҚШ-тың United Airlines әуекомпаниясының Вашингтоннан Амстердамға ұшып бара жатқан ұшағы Атлант мұхиты үстінде жалпы төтенше жағдай сигналын беріп, бағытын өзгертіп, Канаданың Сент-Джонс қаласына қарай бет алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РИА Новостидің Flightradar24 сервисіне сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ астанасынан Нидерланд астанасына ұшып бара жатқан ұшақ қауіп сигналын беріп, Сент-Джонсқа қарай бағытын өзгерткен. «Вашингтоннан Амстердамға ұшып бара жатқан ұшақ қауіп сигналын беріп, Сент-Джонсқа қарай бағытын өзгертті», — делінген сервис хабарламасында.

Сервис деректеріне сәйкес, ұшақ Вашингтоннан жексенбі күні жергілікті уақытпен 20:47-де (Астана уақытымен дүйсенбіде 7:47-де) ұшқан. Алайда кейінірек Атлант мұхиты үстінде ол «жалпы төтенше жағдайды» білдіретін Squawk 7700 сигналын берген. Ұшақ кері бұрылып, қазіргі таңда Канадаға қарай Сент-Джонс халықаралық әуежайына ұшып барады.

Жарияланған сәтте Flightradar24 сервисінде бұл ұшақ ең көп бақыланып отырған нысан — оны 3540 адам қадағалауда.

7700 коды — бортта жалпы төтенше жағдай туындаған кезде ұшқыштар орнататын әмбебап транспондер коды. Алайда ол апат қаупімен тікелей байланысты болуы міндетті емес.

Бұған дейін IndiGo әуекомпаниясының Делиден Ченнайға ұшып бара жатқан рейсі салонда пауэрбанк тұтанып кеткендіктен Хайдарабад қаласына шұғыл қонғаны хабарланған болатын.