Нью-Йоркте теннистен АҚШ ашық чемпионатының — биылғы «Үлкен дулыға» турнирінің жеребесі өтті. Қазақстандық теннисшілер жеке сындағы алғашқы қарсыластарын білді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина ахилл жарақатына байланысты миксттен бас тартқан еді, ал бірінші айналымда ол ұйымдастырушылардан уайлд-кард алған америкалық Тея Фродинмен (рейтингте 580-орын) кездеседі. Юлия Путинцева (80) стартта швейцариялық Белинда Бенчичпен (12), микст финалисімен ойнайды.

Александр Бублик (16) алғашқы айналымда америкалық Джеффри Вулфпен (248), ал Александр Шевченко (97) хорват Дино Призмичпен (101) бақ сынайды.

Тимофей Скатов (205) US Open жеке сынында бесінші қазақстандық бола алар еді, бірақ іріктеудің екінші раундында болгариялық Григор Димитровтен (137) 6:7, 5:7 (4:6) есебімен ұтылды. Оған дейін Петропавлдық тума бельгиялық Жиль Арно Бейлиді (240) 6:4, 6:2 есебімен жеңген болатын.

Қазақстандықтар қатысатын жұптық және юниорлық турнирлердің жеребесі кейінірек белгілі болады.

Екінші жыл қатарынан жаңа форматта өтіп жатқан микст жарысында чех теннисшілері Каролина Мухова мен Якуб Меншик жеңімпаз атанды. Олар бүгінгі финалда швейцариялық-италиялық жұп Белинда Бенчич/Флавио Коболлиді 6:3, 1:6, 10:6 есебімен тізе бүктірді.

АҚШ ашық чемпионаты — хардта өтетін жыл сайынғы «Үлкен дулыға» турнирі. Күнтізбелік жылдағы төрт мейджордың соңғысы.

Алғаш рет 1881 жылдың тамызында өткен US Open екінші жыл қатарынан микст турнирінің кестесіне байланысты бір апта ерте басталады. Жалпы жүлде қоры — $108 млн — мейджорлар арасында рекордтық.

1978 жылдан бері матчтар Нью-Йорктегі Билли Джин Кинг атындағы Ұлттық теннис орталығында өтеді.

Ерлер арасында қазіргі чемпион — испаниялық Карлос Алькарас (3), өткен жылғы финалда Янник Синнерді 6:2, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңген еді. Айтпақшы, әлемнің бірінші ракеткасы италиялық тізе жарақатына байланысты US Open-2026-дан бас тартты.

Әйелдер арасында 2025 жылғы жеңімпаз — беларусь Арина Соболенко. Шешуші матчта ол америкалық Аманда Анисимованы 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтты.