Қазақстанда үш микроқаржы ұйымы реттеушінің тексеру қорытындысы бойынша лицензиясынан айырылды. Себебі — қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын шектеуге әкеп соққан заңнаманы жүйелі түрде бұзу, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұзушылықтар бақылау-қадағалау іс-шаралары барысында анықталған.
Агенттіктің 23 қарашадағы бұйрықтарына сәйкес «МҚҰ «ECKZ» ЖШС, «МҚҰ «Taj Finance» ЖШС және «МҚҰ «М Булак» ЖШС лицензиясынан айырылды.
Лицензиясынан айырылған сәттен бастап бұл ұйымдар микроқаржы қызметін жүргізуге, оның ішінде жаңа микрокредит беруге құқылы емес. Микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгертуге заңда көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
«МҚҰ лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өз атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туынды сөздерді немесе көрсетілген заңды тұлғаның микрокредит беру қызметімен айналысатынын білдіретін аббревиатураны алып тастау жолымен қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті. Қарыз алушылардың қолданыстағы шарттар бойынша міндеттемелері сақталады және шарттардың талаптары мен заңнама талаптарына сәйкес орындалуға тиіс», — деп хабарлады Агенттікте.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айында ҚНРДА бірден жеті микроқаржы ұйымын лицензиясынан айырған болатын.


