Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасы көшбасшыларының үшжақты кездесуі қараша айында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтуі мүмкін. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісінің айтуынша, Қытай Ресей президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин және Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың ықтимал кездесуін дайындауға кірісіп кеткен. Іс-шара 18–19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммиті аясында ұйымдастырылуы мүмкін.
«Қытайлық достар, АТЭЫ саммитінің қожайындары, оны дайындаумен айналысады, дәлірек айтсақ, қазірдің өзінде айналысып жатыр. Ал жағдай қолайлы болса, олар, біздің қытайлық достарымыз, әрине, бұл кездесуді Шэньчжэньдегі іс-шаралар бағдарламасына енгізеді. Ықтимал үшжақты келіссөздердің мазмұнына қатысты біз тараптан кейбір практикалық пікірлер айтылды», — деді Ушаков.
Бұған дейін Ресей, Америка Құрама Штаттары және Қытай үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігін жоққа шығармағаны, онда Украинадағы жағдай талқылануы мүмкін екені хабарланған.
Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпиннің ықтимал кездесуі соғысты аяқтауға көмектеспейді деп есептейді.
Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Владимир Путин мен Си Цзиньпинмен үшжақты кездесуге дайын екенін айтып, оның Қытайда өтуі мүмкін екенін қосты.


