American Airlines әуе компаниясының рейсі Финиксте шұғыл қонды. Себебі — жолаушылардың бірі әуе кемесінің есігін ұшу барысында ашуға әрекет жасаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 25 қарашаға қараған түні Сан-Диегодан Чикагоға ұшқан ұшақ бортында болды. Ұшу басталғаннан шамамен бір сағат өткенде ер адам орнынан тұрып, салонның алдыңғы бөлігіне қарай бет алды да, экипаж мүшелерінің орнына отыру туралы талабына құлақ аспай, есікті ұстай бастады.
Экипажға көмекке бірінші және экономкласс жолаушыларының бірнешеуі жүгіріп келді. Куәгерлердің айтуынша, бұзақыны пластик қыспақтар мен скотчпен байлау үшін оларға бес-он минут қажет болған. Ер адам қонғанға дейін дерлік қарсылық көрсетті.
Ақыры әуе кемесі түнгі сағат бір шамасында Финикс әуежайына аман-есен қонды. Жеңіл жарақат алған бұзушыны тексеру үшін ауруханаға жеткізді, кейін Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері ұстады. Қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шекпеді, содан кейін рейс Чикагоға қарай жалғасты.
Енді ұсталған адамға федералдық айып тағылуы мүмкін. Сонымен қатар экипаж жұмысына кедергі келтіргені үшін АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасы бұзушыға әрбір бұзушылық үшін 43 658 долларға дейін айыппұл салуы мүмкін.


