Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұстаз бен шәкірт

Бұлбұлдың ерекше әншiлiк қабiлетiн таныған ұстазы:

— Бұлбұл, ержеткен соң кiм боласың? — деп сұрады. Шәкiрт ойланбастан:

— Әншi болам, — дедi езуiне тәттi күлкi үйiрiлiп.

— О-о! Әншi болу үлкен арман, әрi үлкен өнер. Әншi болу үшiн ұстаздың қатаң талабына шыдасаң, сенi үлкен жол адастырмай арманыңа жеткiзедi,- дедi  ұстазы.

— Ол қандай талап? Мен бәрiне де төземiн, — деген Бұлбұлдың даусынан сенiмдiлiктi аңғару қиын емес.

— Асықпа, оны әлi-ақ сезiнесiң деп, ұстазы шәкiртiн ойландырып тастады.

Әншi болудан басқа ойы жоқ балауса Бұлбұл ұстаз сөзiнен ешнәрсе түсiне алмады.

Ертесiне ата-аналар жиналысы болды. Оған оқушылар да қатысты. Барлық ата-анамен жеке сөйлескен ұстаз кезегi келгенде Бұлбұлдың анасына:

— Балаңыз туралы айтыңызшы. Бала жас шыбық секiлдi. Қисық өскен бұтағын кесiп, түзеп отыру керек. Бүгiн оның мiнезi мен iс-әрекетiндегi кемшiлiктi жасырамын деп, ертең үлкен қателiкке ұрынып жүрмейiк, — дедi.

Ұстаздың көкейiндегiсiн түсiнген  ана:
— Бұлбұлдың балалығы болар, — деп сөзiн жұмсақ бастады. Онысы баланың көңiлiн ойлай сөйлесейiк дегендi меңзегенi едi.

— Көп ұйықтайды, арманшыл. Үлкен мақсатына тек қиялмен жетем дей ме деп қорқамын. Еңбектенуi де аз. Бала ширақ болу керек емес пе?!

Ата-анаға қазiр қолғабыс тигiзбегенде, қашан тигiзбек? Әйтпесе…

Анасының сөзiн естiп отырған Бұлбұл қып-қызыл боп кеттi. Жиналыс соңында Бұлбұл мен ұстаз оңаша қалды. Ұстаз тағы да жұмбақтап:

— Әншi болу үшiн ұстаздың қатаң талабына шыдау керек демеп пе едiм. Қалай, шыдайтын түрiң бар ма? — дедi.
Әлi де болса сөздiң мәнiсiн толық түсiнбеген шәкiрт:

— Мұғалiм, ендi ерте тұратын боламын, — дедi балалық мiнез танытып.

— Тек ерте тұру ғана емес, ата-ана алдындағы балалық парызды ақтау бар. Тәртiпке өз-өзiңдi көндiруiң керек. Келесi жиналыста анаңның саған деген алаңдаушылығын қуанышқа айналдырарыңа сенемiн, — дедi.

Бұлбұл үнсiз басын изедi.

Шынында да ол осы оқиғадан соң, ата-анасын таң қалдырды. Ерте тұрып, барлық шаруаға үлгердi. Сабақты да жақсы оқыды. Сахнада  ән де салды.

Ұстаз бен шәкірт туралы ертегі, аңыз, әңгіме.

Ауыл сахнасынан жап-жас Бұлбұлдың әсем әнiн тыңдаған Бүркiт қария да қатты сүйсiндi. Бiр күнi сабақтан әндетiп келе жатқан Бұлбұлға қарсы жолыққан қария:

— Бұлбұл балам, — дей бергенi сол едi:

— Ата, уақытымды алмаңызшы, — деп, алды-артына қарамай жүрiп кеттi.

Атай қапа болып қала бердi. "Бала ғой, балалығы да. Үлкен өнер иесi болғалы тұр, әттең, мiнезi кедергi болмаса” деп өзiн-өзi жұбатқан болды.

Ертесiне қария болған жайды ұстазына баяндап бердi.

Ұстаз Бұлбұлмен оңаша сөйлестi.

— Кешегi күнiңнiң қалай өткенiн маған тәпiштеп баяндап бершi. Бiрақ ештеңесi қалып қоймасын, — дедi қадалып.

Бұлбұл бiрдеңенi сезгендей жолда тоқтатқан қарияны кiнәлай сөйледi.

— Асығып бара жатсам, ерiгiп жүрген Бүркiт деген кiсi «тоқта» деп едi, тоқтамадым.

— Жо-жо-жоқ! Бұлбұл, сен қатты қателестiң. Көргенi көп кiсiлердiң сөзiн бiр күн емес, өмiр бақи тыңдасаң да артық етпейдi. Сен үлкен кiсiлерге, тiптi өзiңнен кiшiге де құрметпен қарауың керек. Адамдар сенiң өнерiңе ғана емес, өзiңе де сүйсiнуi тиiс. Есiңде болса ұстаздың қатаң талабына шыдасаң арманыңа жетесiң деп едiм ғой. Сондай талаптың бiрi жүрген жерiңде жұртқа жұғымды болу, соңыңнан жақсы сөз iлестiру.

— Иә, иә, — деген Бұлбұл әуел бастағы ұстаз сөзiнiң жұмбағын ендi-ендi түсiнгендей болды.

Сол күнi Бұлбұл Бүркiт ақсақалдан кешiрiм сұрады.

Осы оқиғадан кейiн ұстаз шәкiртiнiң көп өзгергенiн байқады. Арада бiрнеше күн өткенде ұстазы Бұлбұлды шақырып алып:

— Бұлбұл, ендi екеумiздiң өнер жолындағы сабағымыз басталады, — дедi.

— Мұғалiм, ендi басталады дегенiңiз қалай, сiз менi бұрыннан берi әншiлiкке баулып келе жатқан жоқсыз ба?

— Жоқ. Мен сенiң бойыңдағы тамаша талантты танығаныммен, өнерге әлi баули қойғаным жоқ. Оған кедергi болған сенiң мiнезiңдегi кемшiлiктер. Есiңде болсын, өнер-бiлiмге ұмтылған әрбiр жеткiншек мiнезiне мiн, өнерiне сын айтылмайтындай тәрбиеленуi керек. Үйде де, түзде де мейiрбан, шыншыл, жақсы адамдарға жақын жүргенi абзал. Сонда ғана елге сүйкiмдi болмақ.

— Мұғалiм, бұл өсиетiңiз тек әншiлерге байланысты ма?

— Жақсы адам болам деген жеткiншектiң бәрiне қатысты нәрсе. Сен халық алдында жүресiң. Ол сенiң ең бiрiншi сыншың, ақылшың, қолдаушың. Ал халық алдына шыққан әншiден жақсылық, iзеттiлiк, инабаттылықты көрiп барып талантын таниды. Сен осы жолда аз да болса сабақ алдың. Ендi сенi әншiлiкке баулу қиын емес. Ол сенiң өзiңде тұнып тұр. Сен менi түсiндi деп ойлаймын.

— Түсiндiм мұғалiм, түсiндiм. Мен сiздi бүгiннен бастап ұстаз деп айтайыншы?!.

Назар аудар:

Сәбиге өмір сыйлаған құдірет

Өлі мен тірінің достығы туралы аңыз


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама