- 16 қаз. 2019 00:00
- 1262
Ұстазға арналған тілектер мен құттықтаулар
Құрметті ұстаздар!
«Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» — деген ұлы Абай бабамыз. Сіздер жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз. Сіздер — жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.
Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын.
Және тағы бір айта кеткім келетін жайт, мектептердің белсенділігі. Кез-келген мереке, сенбілік жұмыстары мектептердің қатысуынсыз өтпейтінін бәріміз білеміз. Мектеп ұжымы әрқашан да қоғамдық іс-шараларға аянбай ат салысып, барлық саладан белсенділік танытады. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін, мен баршаңызға шексіз алғыс білдіремін!
Құрметті ұстаздар! Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін. Мерекелеріңізбен! Мерейлеріңіз үстем болсын!
*** *** *** ***
Қадірлі ұстаздар!
Мен сіздерді келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Білімнің күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамып, мәдениет гүлденеді. Білім арқылы адам баласы өмірдегі өз орнын табады.
Ұстаз — келер күннің ұстасы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Біздердің бүгінгі болмысымыз әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні — мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ.
«Ұлттың ұлағаты — мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты — оқу мен әдебиетте», — деген екен Ахмет Байтұрсынұлы.
Ұстаз — осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден бір тұлға. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды рөл ойнайды, өйткені ол — шәкірт үшін айна сияқты. Ұстазы жақсының шәкірті үздік. Бұл — айнымас аксиома. Бала білімді өз бетінше кітаптан оқып та үйрене алады, ал бірақ тәрбиені өз бетінше ала алмайды, өнеге мен үлгі, құрмет сияқты ізгі қасиеттер — ата-анадан қан арқылы дарыса, ұстаздан тәлім арқылы жұғады.
Ұстаздар — мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы — ұстаздың бүгінгі тәлімінде.