Утиль төлеміне қатысты даулар әлі де жалғасып жатқанда, бұл қаражаттың бір бөлігі табиғи өрттермен күрес техникасын жаңартуға жұмсалды. 2024 жылдан бастап бұл мақсатқа 33 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, орман шаруашылығы, қорықтар мен ұлттық парктерге мыңнан астам жаңа техника берілді, деп хабарлайды infohub.kz.
«Жасыл даму» АҚ-ның мәліметінше, 2024 жылдан бастап табиғат қорғау мекемелерінің техникасын жаңартуға 33,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа өрт сөндіру автоцистерналары, жоғары жүріс қабілеті бар автомобильдер, тракторлар және орман мен дала өрттерінің алдын алу мен жоюға қажетті басқа да арнайы техниканың 1006 бірлігі сатып алынды.
«2024 жылдан бүгінге дейін еліміздің мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне, орман резерваттарына, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелеріне заманауи арнайы техника сатып алуға утиль төлемінен 33 121 711 000 теңге жұмсалды», — деп хабарлады «Жасыл даму» АҚ.
Ең ірі жеткізілімдер Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарына, сондай-ақ Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жасалды. Бұл аймақтарға 24 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Компанияның дерегінше, жаңа техника аймақтарда қазірдің өзінде қолданылып жатыр. Ол орман алқаптарын патрульдеуге, өрт сөндіру бригадаларын жедел жеткізуге және табиғи өрттерді сөндіруге арналған.
Техника сатып алу «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бұған дейін «Курсив» 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Жасыл даму» АҚ 39,5 млрд теңге таза пайда тапқанын, бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары екенін жазған болатын. Бұл соманың 27,6 млрд теңгесі, яғни пайданың 70%-ы дивиденд ретінде республикалық бюджетке бағытталған. Компания өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерінің бірыңғай мемлекеттік операторы болып табылады және утиль төлемдерін жинауды әкімшілендіреді.


