- 14 қаң. 2020 00:00
- 255
Үй керек
Үй – адамның басты баспанасы. Адамзат баласы жұмыр жер бетіндегі тіршілік атаулының биігі – адам болып жаралып, таспен тасты үйкеп от жаққаннан, қайла ұстап қайратын жұмсағаннан бері үй жасауға құмар. Бұл құмарлық ыстық пен суықтан, түрлі сыртқы күштерден қорғануға деген биологиялық, қала берсе, қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен келіп шықты. Есте жоқ ескі заманда баспана үңгірден басталып, кейін ұра, одан беріректе лашық, жаппа, киіз үй болып жалғасып, келесі сатыда іргетасы қаланып, керегесі көтерілетін қазіргі тұраққа келіп табан тіреді.
Қазақ тілінде «үй» сөзі «шаңырақ», «отбасы», «түтін», «үй іші», «отау» және «баспана», «қоныс», «тұрақ», «жай», «там», «пана» деген сөздерге синоним ретінде қолданылады. Алғашқы синонимдік қатардағы ұйытқы сөздің «отбасы» екеніне қарап қазақ атамыз материалдық құндылықтардың бәрін отбасы құндылығының алдына әкеп басын идіріп, соған қызмет көрсеткізіп, қажетіне жаратқанын аңғарамыз.
Үй әрбір адамға керек. Өң мен түсі түрлі-түрлі, ниеті мен пейілі әр қилы адамзат баласының бір бөлігі басқа түскенге баспақшыл деп немесе тағдырына наласын жаудырып тулақтай болса да тұрақ-жайға жете алмай зар, бір бөлігі барына қанағат етушілер, қалғаны баспанасы бар болу деген бақытты баяғыда-ақ ұмытып кеткендер. Тіпті кейде жылдар бойы жабық тұрған үйлерінің кілтін қайда қойғанын әлдеқашан есінен шығарып алғандар «кілтсіздерді» де кездестіреміз.
Әлемде жолдар көп, ал ең тамаша жол өз үйіңе апаратын жол. Жаратқанның рахымынан үміттеніп, «әрекетіне берекет» тілеп тырбынған құмырсқа төзімді пенде күндердің күнінде жұмысынан жадырап шығып, темір тұлпарын тебініп осы ең тамаша жолмен құтты қонысына қарай құйғытып отыратыны даусыз.
Бірде көп жыл ауылда үй салған қарт құрылысшы сақалын сипап тұрып «Еее, бұл үй дегеннің аты айтып тұр ғой «Үй!» деп. Әп деп басталып кетсе болды, құрылыс материалдарынан бастап, жиһазбен жалғастырып, сосын бар тапқан-таянғаныңды қосып үйге үйе береді екенсің. Солай уақыт, өмір өте береді!» Рас, есті азаматтың ғұмыры ірілі-ұсақты игіліктердің бәрін түзге шашпай, қара шаңырағының қара қазанына салумен өтеді екен.
«Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам». Ал бақыт – берекелі үйде. Кемеңгер халқымыз «Би болмасаң болма, би түсетін берекелі үй бол» деген ежелден. Ат үстінде туып, қарағай садақ асынып, дұшпанын дүмдей басынып, досына дардай шашылып өскен қазақтың көшпелі баспанасы іргетасы орнатылмаған, шеге қағылып, шемен кірпіш қаланбаған, көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үй ғана болса да, үйдің сән салтанатын кемеліне келтіріп ұстаған. Салтантты үйдегі берекенің қазығы әйел екенін «Жақсы әйел – мейманыңның, иманыңның, жиғаныңның тұрағы» деп бекіте айтса, «Ер адам – түздің адамы», «мал табушы» деп басты жауапкершілікті ер азаматқа артқан.
Сонымен екі аяқтылар екіленіп еңбек ете жүріп үйдің қазіргі нұсқасына да жетті. Дегенмен бір кезде саф алтындай жарқыраған үй іші құндылықтары өркениет өркен жайып, мәдениетке кесірін тигізген сайын мешелсіп қалып барады. Көбіміз тыраштанып жүріп кең үйге жетеміз, бірақ панамыз кеңейген сайын пейіліміз тарылады.
Үй – біздің сырттан жылу іздеп тығылатын ұямыз ғой. Әрбір азаматқа бәйтерекке салған ұядай еңселі тұрақта қуырдағы қайнап, шуылдағы ойнап, ақ жаулық иіліп, ақ жүрек сүйініп тұратын отау керек.