Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысын жариялады, оған сәйкес тұмауға қарсы егу 15 қыркүйекте басталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құжатта созылмалы аурулары бар адамдарға, мектеп оқушыларына, жүкті әйелдерге, қарт адамдарға, кішкентай балаларға, сондай-ақ жабық мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызмет ұйымдарында жүрген адамдарға егу ұсынылатыны көрсетілген.

Бас санитарлық дәрігер астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына 15 қыркүйектен бастап медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундауға дайындығын қамтамасыз етуді, 3 қыркүйекке дейін егілуге жататын адамдардың тізімін дайындауды, вакцинаны сақтау және тасымалдау талаптарын сақтауды, егу кабинеттері мен бригадаларды дайындауды, сондай-ақ 1 қазаннан бастап емханаларда медицина қызметкерлері үшін маска режимін енгізуді тапсырды.

Қаулыда егу адамның ақпараттандырылған келісімі алынғаннан кейін жүргізілетіні жеке атап өтілген. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап ЖРВИ, тұмау және COVID-19 сырқаттанушылығының мониторингі апта сайын, ал 1 қазаннан бастап күн сайын жүргізілетін болады.