Шетел валютасындағы жинақ депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлеме жылдық 2,5%-ға дейін көтеріледі. Алайда жаңа шарттармен салым ашу 1 қазаннан бастап қана мүмкін болады. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) түсіндіруінше, 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру басталады. Бұған дейін мұндай салымдардың барлық түрі бойынша мөлшерлеме 1%-дан аспауға тиіс еді.
Енді мерзімі 12 айдан асатын жинақ депозиттері бойынша мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Сөз қаражатты мерзімінен бұрын алуға қатаң шектеу қойылған — тіпті барлық сыйақыдан айырылуға дейінгі салымдар туралы болып отыр. Жаңа мөлшерлемелер тек 2026 жылғы 1 қазаннан бастап ашылған немесе ұзартылған депозиттерге қолданылады.
Аталған мөлшерлемелер шетел валютасындағы депозиттер үшін ұсынылатын жоғарғы шек болып саналады. Банктер қандай мөлшерлеме белгілеуді өздері таңдайды. Сонымен қатар кез келген мерзімдегі мерзімді салымдар, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан қысқа жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады — 1%.
ҚДКҚ сондай-ақ жеке тұлғалардың шетел валютасындағы салымдары бойынша ең жоғары кепілдік 5 млн теңгеге дейін екенін еске салды.
Еске салайық, 21 қыркүйекте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова сұхбат барысында теңгенің нығаюы және валюталық салымдар үлесінің азаюы валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен ырықтандыруға кірісуге мүмкіндік беретінін айтқан болатын.
Кейінірек сарапшылар «Курсивке» банктер валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді көтеруге асықпайтынын айтты.


