Винсент Ван Гогтың 180 миллион долларға бағаланған «Châtaigniers en Fleurs» («Гүлдеген каштан ағаштары») картинасын Нью-Йоркте аукционға шығару дауға айналды. Sotheby's аукцион үйі туындыны сатуға қатысты келіспеушілікті шешуге тырысып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Картина сәрсенбі күні Нью-Йоркте балғаға түсуі тиіс. Алайда бұған дейін туындыға иелік еткен неміс Фишер отбасының мұрагерлерінің өкілдері сурет нацистер билікке келуі кезінде қысыммен сатылған болуы мүмкін деп мәлімдеп отыр.

Sotheby's өзінің «кең ауқымды зерттеуі» мұны дәлелдеген жоқ деп есептейді, бірақ отбасымен бірлесіп шешім табуға уәде берді.

«Sotheby's шығу тегі мен реституция мәселелеріне аса жауапкершілікпен қарайды және Châtaigniers en fleurs картинасының иелік тарихына кең ауқымды зерттеу жүргізді. Фишер мұрагерлерінің өкілдері жақында білдірген алаңдаушылықтан хабардармыз және картинаның тарихы жөнінде олармен сұхбат жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі зерттеуіміз картинаның қысыммен сатылғанын дәлелдеген жоқ, дегенмен отбасымен ойластырып, сындарлы сұхбат жүргізудің маңызын түсінеміз және өзара қанағаттанарлық шешімге қол жеткізуге ниеттіміз», — деді аукцион үйі Би-би-сиге берген мәлімдемесінде.

Картина Blaquier-Arrieta коллекциясы деп аталатын жинақтың құрамында сатылымға қойылып отыр. Sotheby's сайтында майлы бояумен салынған туындының шығу тегі және 1890 жылдан бері қолдан қолға өту тарихы қалай зерттелгені егжей-тегжейлі баяндалған.

Аукцион үйінің дерегінше, атақты неміс баспагері Самуэль Фишер картинаны 1909 жылы иемденген, ал 1934 жылы ол қайтыс болған соң туынды оның отбасына мұра болып қалған.

1932 немесе 1933 жылы картина Амстердамдағы Пауль Кассирерге сақтауға тапсырылған, кейін 1936 жылы Париждегі Анриетта мен Марсель Капферерге өткен. Осы жылдан кейін туынды биыл аукционға қойылғанға дейін тағы төрт иесінің қолында болған.

Фишер отбасының мұрагерлері жалдаған заңгер, New York Times басылымының мәліметінше, Sotheby's-ке хат жолдаған. Ол аукцион үйіне картинаның Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Амстердамда сатылғанын, себебі Фишер отбасының баспа компаниясы нацистер тұсында қаржылық шығынға ұшырағанын айтқан.

Би-би-си заңгермен пікір алу үшін хабарласуға тырысты.