Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен қақтығыстың қашан аяқталатынын болжады: оның айтуынша, ол екі жылдан аз уақытта бітеді. Бұл туралы саясаткер Лора Ингрэмге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Біз американ халқына енді шексіз соғыстар жүргізбейтінімізді айттық. Иә, президент ядролық бағдарламаны жоюды қажет деп санады, иә, ирандық ядролық бағдарлама АҚШ үшін қауіп төндіреді, бірақ біз мұның 10 не 15 жылдық, тіпті ашығын айтқанда, екі жылдық міндеттемеге айналуына жол бермейміз», — деді Вэнс.
АҚШ вице-президенті американ әскері Иранда мәңгі қалмайтынын атап өтті. «Көптеген неоконсерваторлар мен басқалар біздің онда мәңгі қалуымызды қаласа да, біз онда мәңгі қалмаймыз. Біз қалмаймыз деп уәде бердік», — деді ол.
Сонымен қатар Вэнс АҚШ президенті Дональд Трамп Американы бұл қақтығыстан тамаша нәтижемен шығаратынына сенім білдірді.
Бұған дейін Иран Қарулы күштерінің ресми өкілі Абольфазль Шекарчи қажет болса, Иран АҚШ-қа қарсы әрекеттерінің қарқынын 10 есе күшейтуге дайын екенін мәлімдеген. Өз кезегінде Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Хасан Гашкави АҚШ-тың жаңа шабуылына жауап шектеулі немесе қысқа мерзімді болмайтынын ескертті.


