Ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы аясында Қазақстандағы балабақша кезегі шамамен жеті есеге қысқарды: бастапқыда 160 мың бала кезекте тұрса, қазір 23 мыңдай бала қалды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ваучерлік қаржыландыру тетігі еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында жұмыс істеп жатыр. Оның мәні — ата-аналар балабақшаны өздері таңдай алады, ал мемлекеттік қаражат нақты бір балаға бөлінеді.
Соңғы үш жылда Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда 232 мың орын ашылды. Бүгінде елде 12 мыңнан астам балабақша жұмыс істейді, оларға 1 миллионнан астам бала барады. 2027 жылдың соңына дейін тағы 68 мың орын ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар билік мектеп білімі жүйесін реформалауды жалғастыруда. Бес жылда елімізде 1 миллионнан астам орынға арналған 1 120 мектеп салынды. Оның 217-сі — 460,4 мың оқушыға арналған «Келешек мектептері». Қазір тағы 59,3 мың орынға 101 мектеп салынып жатыр.
Биыл екі өңірде шағын жинақты мектептерде жасанды интеллектті пайдалануды сынақтан өткізу басталды. Пилот Павлодар және Қызылорда облыстарында өтіп, бірінші кезеңде 500 мектепті қамтиды. Жасанды интеллект оқушының деңгейіне қарай тапсырмалар таңдау, оның нәтижелерін талдау және білімдегі олқылықтарды анықтау үшін қолданылмақ. 2029 жылға қарай жобаны барлық 2,5 мың шағын жинақты мектепке тарату көзделген.
Реформалардың тағы бір бағыты — педагогтерді қолдау. 2020 жылдан бері олардың жалақысы екі есе өсті. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға көтерілді.
Билік инклюзивті білім беруді дамыту туралы да есеп беруде. Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала тіркелген. Қазір инклюзивті оқыту мүмкіндіктері балабақшалардың 80%-ында, мектептердің 95%-ында және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 90%-ында бар.
Колледждерде мамандар даярлау жүйесі де өзгеруде. Қазір 763 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 556 мыңнан астам студент оқиды. Мемлекеттік тапсырыс 393,3 мың орынға дейін өсті.
Үш жылда дуальді оқытумен қамтылған студенттер саны 108 мыңнан 138,2 мың адамға дейін көбейді. Қазір 552 колледж 11,7 мың кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейді. Дуальді оқытумен қамту 35%-ды құрайды, ал болашақта оны кемінде 40%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Үкіметте атап өткендей, бұл шаралар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда балаларды тегін секцияларға жазу ережелері өзгергені туралы жазған болатын.


