Венеция билігі бір күнге келетін туристер үшін тарихи бөлікке кіру ақысын айтарлықтай көтеруді қарастырып жатыр. 2027 жылдан бастап «кіру билетінің» бағасы қазіргі 5–10 еуродан (2,5–5 мың теңге) 30–50 еуроға (15–25 мың теңге) дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл бастаманы қала әкімдігінің бюджет жөніндегі кеңесшісі Микеле Зуин ұсынды. Gazzettino басылымына берген сұхбатында ол шараның негізгі мақсаты — қалаға аз уақытқа келіп, инфрақұрылымға шамадан тыс салмақ салатын «бір күндік туристер» ағынын шектеу екенін түсіндірді.

«Үкіметтен кіру ақысын жоғарылатуды сұрау — пайда табу үшін емес. Мәселе мынада: қазіргі 5–10 еуроны кез келген адам төлей алады. Бұл шара беретін тежеуші әсердің жоғалу қаупі бар», — деп келтіреді Зуиннің сөзін Il Fatto Quotidiano.

Эксперименттік кезең аяқталған соң, төлем жүйесі 2027 жылы тұрақты сипатқа ие болады. Билік тек бағаны қайта қарауды ғана емес, кіру ақысы төленетін күндер күнтізбесін де кеңейтуді жоспарлап отыр.

Зуин туристер үшін қалаға «кірудің» түпкілікті бағасы орталық үкіметпен келісілуі тиіс екенін атап өтті.