Венгрия президенті Тамаш Шуйок өз өкілеттігін тоқтататын конституцияға түзетуге қол қойды. 20 шілдеден бастап мемлекет басшысының міндетін парламент спикері уақытша атқарады, деп хабарлайды infohub.kz.

Шуйок әлеуметтік желілерде осы түзетуге қол қойғанын хабарлады. «Менің қолтаңбам – республика президентінің міндеттеріне және президенттік институттың өзіне деген толық және сөзсіз құрметтің соңғы мөрі. Бұл – мен Венгрияның Ата Заңын соңына дейін сақтап, бұзбағанымның белгісі», – деді ол бейнеүндеуінде.

Саясаткер парламент қабылдаған түзетуге «қарсы тұрудың конституциялық құралдары» жоқ екенін мәлімдеді.

Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр 20 шілдеден бастап президенттің өкілеттігін парламент спикері Агнеш Форстхоффе уақытша атқаратынын мәлімдеді. Жаңа президент 30 күн ішінде сайланады.

Еске сала кетейік, Петер Мадьяр парламент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін бірден ел президентіне қатысты импичмент процедурасын бастау ниетін білдірген болатын. Кейін ол Шуйоктан президент қызметінен кетуді талап етті, алайда саясаткер бұл талаптарды елемеді. Сондай-ақ ол Мадьярды конституцияны өрескел бұзды деп айыптады.