Журналист Ксения Собчактың бұрынғы жұбайы, актер Максим Виторган Мәскеудегі екі пәтерін үлкен қызы Полинаның атына қайта тіркеді. Бұл тұрғын үйдің жалпы құны шамамен 100 млн рубль, яғни 538 млн теңгеге жуық деп бағаланып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Telegram-дағы Shot арнасының дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, пәтердің бірі Үлкен Власьевский тұйығында орналасқан. Виторган оның иесі атанған 1998 жылы еді. Тұрғын үйдің ауданы 47 шаршы метр, қазіргі құны шамамен 47 млн рубль деп бағаланады.
Екінші пәтерді актер 2018 жылы әкесі — КСРО халық әртісі Эммануил Виторганнан алған. Бұл — Красная Пресня жағалауындағы ауданы 68 шаршы метр екі бөлмелі пәтер, құны шамамен 55 млн рубль деп есептеледі.
Shot дерегінше, Виторган екі пәтерді де 30 жастағы Полинаның атына бір күннің ішінде тіркеген.
2022 жылы соғыс басталған соң актер Ресейден Израильге кетті. Соған қарамастан Виторган Мәскеуге келіп тұрады. Қазір оның «Квартет И» театрында екі спектаклі бар.
Оның үлкен қызы Полина да Израильде тұрады. 2024 жылы ол Тель-Авивке түпкілікті көшіп кетті. Қыз әлеуметтік желілерді орыс және иврит тілдерінде жүргізеді. Бұған қоса Ресейде оның шаштараз қызметі саласындағы жеке кәсіпкерлігі қалып отыр.
Собчак пен Виторган 2013–2019 жылдары некеде болды. Олардың Платон есімді ортақ баласы бар, ол 2016 жылы қарашада дүниеге келген.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle журналист әрі блогер Юрий Дудьтің мүлкін Ресейде мемлекет пайдасына алып қою рәсімі басталғанын жазған еді. 2022 жылдан кейін ол Ресейден кетіп, қазіргі режимді сынайды. Шектеулер ең алдымен Дудьтің Оңтүстік Бутоводағы пәтеріне қатысты қолданылды.


